Фото: Видеодан кадр
Ақтауда түн ортасында белгісіз иіс пен қою түтін қайта тарады. Тұрғындар дем ала алмай, балалардың құсып жатқанын айтып дабыл қақты.
Қызылтөбе мен 19-ықшамаудан тұрғындары әлеуметтік желіні шулатып, қала көк түтін мен химиялық сасық иіске тұншықты деп хабарлады.
«Балам ұйқысынан тұрып құсып жатыр, үйдің ішінде тыныс алу мүмкін емес. Терезе жапсақ та иіс үйге кіріп кетеді!» – деп жазды ашынған ана.
«05:30-да далаға шықсам, күйіктің иісінен демалу мүмкін емес. Бұл камыш емес, химияның иісі! КазАзот па, әлде Каспий Битум ба — бәрібір, бірақ иістің удай екенін бәріміз сезіп отырмыз!» – дейді.
Желі қолданушылары бұл жағдайдың соңғы екі аптада екінші рет қайталанғанын айтады. «Түнде бәрі ұйықтап жатқанда тағы улап жатыр ма?», – деп жазғандар да бар.
«Басым ауырып, балам шошып оянды. Үйдің іші күйік иісіне толды, көз ашып болмайды. Терезені ашсаң тұншығасың, жапсаң иіс кіреді», – дейді қала тұрғындары.
Кейбір тұрғындар бұл қоқыс полигонының өртенуінен немесе өнеркәсіп қалдықтарының түн ішінде жағылуынан болуы мүмкін деп топшылайды. Бірақ әзірге ешбір мемлекеттік орган нақты жауап берген жоқ.
«Бұл қалада енді маскамен ұйықтау керек шығар. Экологтар әдеттегідей ештеңе таппайды ғой», – деп жазған ашулы тұрғын.