Фото: Ақорда
Президент ТМД-ның гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық қоры базасында Креативті индустрия қауымдастығын құруды ұсынды, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.
Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гуманитарлық қатынастар елдерімізді біріктіретін негізгі фактор екеніне назар аударды.
Президент дәстүр мен инновацияны, тарихи мұра мен заманауи технологияны сабақтастыратын креативті индустрияны дамытудың болашағы зор деп есептейді.
– Қазақстан осы саланы дамыту бағытында жұмыс атқарып жатыр. Бүгінде креативті секторымыздағы қосылған құн 2 миллиард доллардан асады. Бұл индустрияда 143 мың адам жұмыс істейді. Креативті индустрия экономикамызға оң ықпал етуде. Ең маңыздысы, ол мәдени дипломатияның, елдеріміз арасындағы достық пен тату көршілікті нығайтудың тиімді тетігіне айналды. ТМД елдерінің бұл бағыттағы әлеуеті зор. ТМД-ның гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық қоры базасында Креативті индустрия қауымдастығын құруды ұсынамын. Оның басты мақсаты жас таланттарды қолдау, бірлескен жобаларды іске асыру, креативті экономиканың экожүйесін қалыптастыру болуы қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысып, бірнеше бастама көтерді.