Фото: www.istockphoto.com
Жетісу облысында 15 жастағы жасөспірімге азғындық жасаған әкесі өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сот оған химиялық кастрация жасауға үкім шығарды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Жағдайдың ушығып тұрғанын ескере отырып, сот процесі жабық режимде өткен. Негізі қылмыс биыл жазда әшкереленді. Оқиғаның мән-жайын жәбірленушінің анасы айтып берген. Ол күйеуінің азғындығын қызынан естіген. Содан келіншек күйеуінің үстінен арыз түсірген.
Сотта 39 жастағы ер адамның өзінің тұңғыш қызына сексуалдық зорлық-зомбылық жасағаны толық дәлелденді.
«Қылмыстық кодекстің 121-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар химиялық кастрация жасауға шешім шығарылды. Оған өмір бойы педагогикалық салада жұмыс істеуге тыйым салынды», – деп хабарлады Жетісу облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз хатшысы Нұрсұлтан Орынбасаров.
Айта кетейік, жыл басынан бері Жетісу облысында сот педофилияға кінәлі деп танылған бес адамды өмір бойына бас бостандығынан айырды.