«Асфальт күзге де жетпеді»: Көкшетауда жаңадан салынған жол бір маусым өтпей қирап қалды — тұрғындар ашулы, әкімдік жауапкершіліктен жалтарды

Фото: Pixabay

Көкшетауда биыл ғана жөнделген жолдың сапасына қатысты әлеуметтік желіде үлкен наразылық туды. Қала тұрғыны түсірген бейнежазбада асфальттың жарылып, ойылғаны, бірнеше жерінің шұңқырға айналғаны анық көрінеді. Видеода әйел адам: «Асфальт күзге де жетпеді» деп атап өтеді. Бұл жазба бірнеше сағаттың ішінде жүздеген пікір мен наразылық тудырды, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.

Пікір жазғандардың көбі ашуын жасыра алмады. — «Бастысы ақшасын алды, келесі жылы тағы алады ғой», – деп жазды бір қолданушы. — «Мұндай сапасыз жол үшін қашан жауапқа тартады? Бір маусымға ғана жарайтын жол ғой бұл!» – дейді екіншісі. Тағы бірі: «Асфальт жаңбырмен бірге ағып кеткен», – деп мысқылдады. Кей тұрғындар жол сапасының төмендігін жемқорлықпен байланыстырады: — «Егер бір рет сапалы жасаса, келесі жылы ақшаны қалай игереді?», – деп пікір қалдырды тағы бірі.

Дауға жауап берген Көкшетау әкімдігі өзіне жауапкершілік жүктемеді. Ресми түсіндірмеде былай делінген: «Аталған жол учаскесі қалалық жол желісіне кірмейді. Ол “Қазавтожол” компаниясының қарамағында. Жөндеу және күтіп-ұстау жұмыстарын сол компанияның филиалдары жүргізеді», — деді әкімдік өкілдері. Алайда мұндай жауап жұрттың ашуын басқан жоқ. Тұрғындар жауапкершілікті бір-біріне сілтеу емес, нақты шараны талап етуде. — «Бір рет сапалы етіп жасауға болмай ма?», – дейді қала халқы.

Көкшетаудағы жол мәселесі – елде жыл сайын қайталанатын түйткілдің айғағы. Миллиондаған қаржы бөлінгенімен, нәтиже өзгеріссіз. Сарапшылар мұндай жағдайдың басты себебін бақылаудың әлсіздігі мен мердігерлердің жауапсыздығынан көреді. Халықтың талабы бір: «Әр маусым сайын емес, бір рет сапалы жол салынса екен».