Алматы облыстық сотында сотталған Жомарт Ертаевқа қатысты рақымшылықты қолдану мәселесі бойынша материал апелляциялық тәртіпте қаралды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Облыстық сот мәліметінше, 2025 жылдың 2 қыркүйегінде Алматы облысы Алатау қаласы сотының қаулысымен Жомарт Ертаевтың өтініші қанағаттандырылып, оған 11 ай 16 күн өтелмеген жаза мерзімі бойынша рақымшылық қолданылып, босатылған.
Аталған рақымшылық тармағына сәйкес, ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған, жағымсыз мінез-құлқы жоқ, өтеуге қалған жаза мерзімі 1 жылдан аспайтын сотталғандарға жазаның өтелмеген бөлігі қысқартылады.
— Ертаев екі үкім бойынша сотталған: 2020 жылғы 16 қарашадағы және 2021 жылғы 3 наурыздағы үкім. 2021 жылғы 25 маусымдағы Алматы қаласы Алмалы ауданы сотының қаулысымен бұл үкімдер жиынтығымен түпкілікті жаза мерзімі белгіленген. Алайда Ертаевқа жаза мерзімі қай үкімнен бастап есептелетіні көрсетілмеген. Алатау қаласы сотының қаулысымен № 14 мекеменің анықтамасы арасында өтелмеген жаза мерзімі бойынша айырмашылық бар. Сонымен қатар мекеме анықтамасына басшы қол қоймаған. Жоғарыда аталған мән-жайларға байланысты, сотталған Ертаевқа рақымшылық актісін қолдану туралы сот қаулысы күшін жойды, оның өтініші қанағаттандырусыз қалдырылды, — деп түсіндірді Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі.