«Арақ атадан қалған ас емес»: Қазақстан ішімдік ішуден Орталық Азияны басып озды — Әрбір үшінші қылмыс арақпен байланысты – ІІМ

Ішімдік – жеке адамды ғана емес, тұтас қоғамды күйрететін құбылыс. Соңғы бес жылдағы статистика мен оқиғаларға көз жүгіртсек, Қазақстан үшін ішімдік мәселесі – жай ғана тұрмыстық әдет емес, ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі проблемаға айналғанын байқаймыз, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, қазақстандықтар жан басына шаққанда жылына шамамен 5,4 литр таза спирт тұтынады. Бұл – қауіпсіздік шегінен жоғары көрсеткіш. Ер адамдардың үлесі басым: орта есеппен 10 литрден асады, ал әйелдер шамамен 3 литрге жуық ішімдік пайдаланады.

Салыстырсақ: көршілес Өзбекстанда бұл көрсеткіш екі еседен де аз, небәрі 2 литрдің айналасында. Ал Қазақстан Орталық Азияда бірінші орында, ТМД елдерінің ішінде алғашқы үштікте тұр.

2020 жылы пандемия кезінде жағдай күрт нашарлады: ресми деректер бойынша, алкоголь өнімдеріне деген сұраныс бір жылда 30 пайызға артқан. Карантин, күйзеліс, үйде қамалу – бәрі ішімдікке жүгінуді күшейтті. Кейін бұл көрсеткіш аздап төмендегенімен, шығын көлемі әлі де өсіп отыр.

Қазақстанда заң жүзінде алкогольге бірқатар шектеу бар:

  1. 21 жасқа дейін сатуға болмайды.
  2. 23:00-ден кейін сауда жасауға тыйым салынған.
  3. Жарнама толықтай тоқтатылған.

Алайда, шындық басқа. Көшенің әр бұрышында алкомаркет, шағын дүкен, супермаркет – барлығы ішімдікті ашық сатады. Соңғы үш жылда жеке «алкоголь дүкендерінің» саны 10%-ға өскені ресми мәліметте көрсетілген.

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек осыған байланысты былай дейді:

«Біз заңға шектеу енгіздік, бірақ оның орындалуын қатаң қадағалай алмай отырмыз. Жастарға ішімдік қолжетімді. Бұл – қоғам үшін қауіпті».

Алкоголь тек денсаулыққа зиян емес, қоғамға да соққы. Медицина саласы ресми мойындайды: ішімдікті көп тұтынатын өңірлерде аурушаңдық деңгейі бірнеше есе жоғары. Мысалы, Павлодар облысында 100 мың тұрғынға шаққанда 174 жағдай тіркелсе, Түркістанда бұл көрсеткіш небәрі 16 ғана.

Алкогольмен байланысты психикалық бұзылыстардың ресми дерегі – 58 адам/100 мың тұрғын. Бірақ ДДСҰ сарапшылары нақты сандар бұдан 3-4 есе көп болуы мүмкін дейді.

Ал ішімдіктің қылмысқа әсері ше? Ішімдік іштім – ашуландым, ұрыстым, соқтым – мұндай жағдайлар полиция хаттамаларының әрбірінде дерлік кездеседі. «Құрғақ заң» енгізген бірнеше ауылда қылмыс мүлде тіркелмей қалғаны осының айғағы.

Танымалдардың масқарасы: жұлдыздар үлгі емес

Жұлдыз – халықтың үлгісі болуы керек. Бірақ бізде кейбір әншілер керісінше, теріс қылықпен көзге түсуде.

Бейбіт Қорған биыл қыркүйекте мас күйінде ұшақта жанжал шығарды. Экипаж ескерту жасаса да тыңдамаған. Атырауға қонған соң полиция ұстап, сот 196 мың теңге айыппұл салды.

Жұбаныш Жексенұлы жазда Астана әуежайында жанжал шығарды. Мас күйінде әйелді балағаттағаны үшін 78 мың теңге айыппұл төледі. Кейін өзі мойындады: «Ішімдік ішкеннен кейін эмоцияға беріліп кеттім».

Бұл оқиғалар қоғамда үлкен резонанс тудырды. Әлеуметтік желілерде халық: «Жастарға осылар үлгі болса, болашағымыз қандай болмақ?» деп ашынды.

Сарапшылар не дейді?

Диетолог Айжан Абдуллаева:

«Этил спирті – у. Алкогольдің қауіпсіз дозасы жоқ. Аздап ішудің зияны жоқ дейтіндер қателеседі. Жылдар бойы жиналып, бауырды, жүректі, асқазанды күйретеді».

Мәдениеттанушы Абылайхан Қалназаров:

«Қазақ дәстүрінде арақ ішу болған жоқ. Біздің асыл сусын – қымыз. Қазір ауылдар қайта оралуда: ақсақалдар “Арақ – атадан қалған ас емес” деп, халықты өз еркімен ішімдіктен бас тартуға шақыруда. Құрмет пен сенім бар жерде заңсыз-ақ тәртіп орнайды».

Құқық қорғаушылар

ҚР ІІМ өкілдері: ішімдік көбіне қылмыс пен тұрмыстық зорлықтың басты себебі. «Әрбір үшінші қылмыс алкогольмен байланысты. Бұл – ащы шындық».

Қазақстан алдында таңдау тұр. Бір жол – қазіргі күйде қалу, дүкеннің сөресін ішімдікке толтырып, халықтың денсаулығын жоғалту. Екінші жол – ауылдағы бастамаларды үлгі ету, ішімдікке «жоқ» деп айту.

Халық өзі шешім қабылдайды. Бірақ бір нәрсе анық: алкоголь – бізді алға жетелейтін күш емес. Ол – отбасыларды бұзатын, денсаулықты құртып, ұлттың болашағына балта шабатын дерт.

Егер мемлекет қатаң бақылау жүргізіп, қоғам да бір кісідей қолдап шықса, біз «мас қоғамнан» құтылып, ұрпаққа таза жол қалдыра аламыз.