Фото: Pedro Castillo/Real Madrid via Getty Images
Әлемдік додада ойқастай жүріп, жанкүйерлерін жерге қаратпаған мадриттік «Реал» ойыншыларының Қазақстанға келуі футболдың кемшілігін ғана емес, келешегіне де жол көрсетіп кетті. Елдегі түрлі мамандар ойыннан кейін ойларын ортаға салды, деп хабарлайды Qazaq Today агенттігі.
Тоқсан минутта ала допты алаңда аспандатқан еуропалық ойыншылар тек шебер футболшылар ғана емес, психологиялық тұрғыдан да әккі екендіктерін көрсетті.
«Қайратқа» кешегі ойын мықты сабақ болды. Әлемдік деңгей дегеннің не екенін біршама ұғып қалды. РМ ойыншыларына маңайлау мұң болды ғой, жуып кетсе шынтақпен шық, тобықтан сылқ, бөксемен бүлк еткізеді. Доп артынан ұмтылғанды байқатпай домалатып кету де — шеберлік. Анда қарасаң қайраттық құлап жатыр, мында қарасаң біздікі сұлап жатыр», — деді белгілі медиа—менеджер Серік Әбікенұлы.
Егескенді езіп кетуге машықтанғандары сонша, тіпті, олар ескерту де алмады. Мадридтіктер түрлі айып пен жазадан да қорғана білуді шебер меңгерген.
«Айыпдоп беруге болатын сәттің өзін айналдыра қарап солардың пайдасына шешті. Содан болар сәлден кейін қазекеңдер тығыз ойнай алмай қалды. Тапалов, Громыколар есімі жиі аталды, Дастан Сәтпаевты мықтылар мысы басқандай, Сорокиндікі сораң жүріс, ана бір пасы сор болды…Шерханға ел риза, қанша доп қайырғанын құдай білсін. Мбаппелер аяусыз шайнағанда шыдап берді, жігерлі екен, жаси қоймас. Жігіттер осы кездесуден сабақ алып, доп додасына ғана емес, мінез майданына да дайын болып, алдағы ойындарда сойқан өнер көрсетсін деп тілейік», — деп ойын білдірді маман.
Ал Рахат Әлиевтің ұлы болса әкесінің қазақ футболына қосқан үлесін еске алып, елді дүрліктірген ойын жайлы пікір білдірді. Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі Нұрәли Әлиев «Қайрат» пен «Реал Мадридтің» ойынын көргенін айтты. Әлеуметтік желідегі жазбасында ол әкесі Рахат Әлиевтің отандық футбол дамуына қосқан үлесін ел есіне салды. Нұрәли Әлиев әкесі футбол федерациясын басқарғанда Қазақстанның Азия конфедерациясынан шығып, ресми түрде UEFA-ға енгенін айтты.
«Соңғы күндері әкем — Рахат Әлиевке қатысты жылы сөздер көп естіп жүрмін, жарықтық болсын. Бұл кездейсоқ емес. Қазақстанның Футбол федерациясын басқарған кезеңінде — 2002 жылдың 25 сәуірінде ел Азия конфедерациясынан шығып, ресми түрде UEFA-ға енді», — деді Әлиев.
Ол Стокгольмде Мишель Платинимен болған келіссөздерді және 2005 жылы Платинидің Алматыға алғаш келгенін еске алды. Әлиев сонымен бірге Орталық стадионда өткен Чемпиондар лигасының матчынан алған әсерімен бөлісті.
«Ал кеше мен Орталық стадионда Чемпиондар лигасының матчын тамашаладым. Біздің алматылық «Қайрат» UEFA-ның ең беделді клубтарының бірі — мадридтік «Реалмен» ойнады. Барлығы — Алматыда болды! Сол сәтте әкемнің сол шешімінің қаншалықты стратегиялық болғанын шын мәнінде сезіндім. Жылдар өткен сайын ол шешім өз жемісін беріп келеді», — деді Әлиев.
Айта кетейік, Орталық стадионда 23 804 адам отыратын орын бар. Алайда мыңдаған жанкүйерлер стадионға кіре алмай, сыртта топырлап жүрді.
Еске салсақ, Алматыда өткен тарихи матчта «Қайрат» алғашқы минуттарда жанкүйерлерін жігерлендіргенімен, бірінші таймда «Реалдың» қарқынына төтеп бере алмады. Чемпиондар лигасының екінші турында алматылықтар 0:5 есебімен ойсырай ұтылды. Мбаппенің хет-тригі мен Шерхан Қалмырза сейвтері — тарихи түннің басты эпизодына айналды. Жанкүйерлерін жерге қаратқан олигарх Қайрат Боранбаев клубы жігіттерінің шабан жүгірісі мен характерные төмендігі күллі қазақ футболына сабақ болмақ.