440 мың студент жасанды интеллект сертификатын алды

Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект саласында мамандар даярлау және отандық технологияларды дамытуға ерекше назар аударды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Мемлекет басшысының айтуынша, AI-Sana бағдарламасы аясында бүгінде 440 мыңнан астам студент арнайы сертификатқа ие болған.

Президент білім беру жүйесіндегі басты басымдықтарды атап өтті. Оның айтуынша, университеттер жаңа заман талабына сай инженерлер мен зерттеушілерді дайындауы тиіс. Қазақстандық мамандар халықаралық деңгейде сұранысқа ие озық технологияларды ойлап таба алуы қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жасанды интеллект мамандарын оқытатын арнайы оқу орны жоқ екенін атап, бұл бағытта жаңа зерттеу университетін құруды тапсырды.

«Бұл оқу орны ғылым, білім, инновация және халықаралық серіктестік орталығына айналуы керек. Үкімет жыл соңына дейін нақты ұсыныс әзірлеуі тиіс», – деді Президент.

Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізудің маңызына да тоқталды. Оның пікірінше, ЖИ әр оқушының қабілетіне бейімделген жеке бағдарламаны қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, оқушылардың цифрлық профилін құру арқылы кәсіби бағдар жүйесін жетілдіруге жол ашылады.

Президент мұғалімдердің күнделікті жұмысын автоматтандыру үшін де жасанды интеллектіні пайдалану қажеттігін айтты. Дегенмен, адами қарым-қатынастың маңызын ерекше атап өтті.

«Мұғалімнің жанашырлығы мен ақыл-парасатын ешбір технология алмастыра алмайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.