«Реал Мадрид» Алматыға ашулы келмек

Фото: Gettysport

Испания чемпионатының 7-турында өткен мадридтік дерби жанкүйерлер есінде ұзақ сақталмақ. «Атлетико» өз алаңында басты қарсыласы «Реал Мадридті» 5:2 есебімен ойсырата жеңді. Бұл нәтиже «Реалдың» маусымдағы алғашқы жеңілісі болып тіркелді.

Матч «Рияд Эйр Метрополитано» стадионында өтті. Алғашқы голды 14-минутта Робен Ле Норман соқты. Көп ұзамай Килиан Мбаппе мен Арда Гюлердің голдары «Реалды» алға шығарды. Дегенмен, Александр Серлот есепті теңестіріп, тайм соңын шиеленіске толтырды. Екінші кезеңде Хулиан Альварес дубль жасап, ал Антуан Гризманн нүкте қойды.

Бұл жеңіс «Атлетикоға» маусымдағы үшінші жеңісін сыйлап, команда 12 ұпаймен 4-орынға көтерілді. Ал «Реал» 18 ұпаймен Ла Лига көшін бастап тұр.

Маңыздысы, осы ауыр жеңілістен кейін «Реал Мадрид» ойыншылары Алматыға жол тартады. 30 қыркүйек күні Чемпиондар Лигасы аясында испандық клуб «Қайратпен» кездеседі. Ойын Алматыда 21:45-те басталады.