Астананың Есіл ауданында Халықаралық қарттар күніне орай шахматтан турнир өтті (ФОТО)

Фото: qazaq.today

26 қыркүйек күні Есіл ауданында Қарттар күні мерекесіне арналған ерекше спорттық шара ұйымдастырылды. «Қариясы бар ауылдың – дариясы бар» атты тақырыппен өткен шахмат турнирі зейнеткерлер арасында қызықты әрі тартысты өтті, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.  

Турнир концерттік залда салтанатты түрде ашылды. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жанарбек Мұратұлының жетекшілігімен «Сағыныш сазы» ансамблінің солистері қарияларымызға жарыс алдында көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ән шырқап шараны әуенмен әрледі. Ашылу салтанатынан кейін сайысқа қатысушылар арнайы бөлмеге өтіп өзара жарысты бастады.

Бұл игі бастамаға Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы қолдау көрсетіп, Есіл аудандық ардагерлер кеңесі бірлесіп ұйымдастырды. Турнирдің негізгі мақсаты – ардагерлердің белсенді өмір салтын насихаттау, олардың қоғамдағы рөлін дәріптеу және қарттарға мерекелік көңіл-күй сыйлау болды.

Есіл ауданы бойынша мәдени көпшілік іс шаралар жұмыстарын ұйымдастырушысы, Астана қаласы әкімдігінің «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» қызметкері Абубакирова Гульшат Алиевна аталмыш жарысқа қатысты пікір білдірді.

Гульшат Алиеваның айтуынша, қарттар бұл күні әдеттегіден көңілді жүріп, белсенділік танытты. Мәдени ұйымдастырушы Бердіғалиев Алмабек есімді қатысушыны ерекше атап, үлгілі азамат екенін айта кетті.

“Жалпы Астананың алты ауданында «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» бар. Орталыққа қызығушылық танытатушылар өздеріне жақын ауданды таңдап құндылық алады. Соның бірі «Қарттар күні» мерекесіне орай ұйымдастырылған шахматтан турнир. Белсенді Нұрымов Ерғалым ағамыз Есіл ауданында осы орталық құрылғалы бері шахматты дәріптеумен айналысып жүр. Шахматшыларды жанына жинақтап, оларды ойынға баулып, үйретіп, өзі турнирлер ұйымдастыруға ат салысып келеді. Астана қаласының Спорттық іс-шара өткізу дирекциясы бізді осындай шараларды ұйымдастыру кезінде қолдау көрсетеді. Қарияларымыз шахмат ойнауға тұрақты түрде белсенді қатысады десек артық айтпаймыз. Олардың қызығушылығы өте жоғары. Орын алған ағаларымыз біздің тұрақты келушілер. 1 және 3 орын алған жеңімпаздарымыз шахмат ойынының нағыз шеберлері болса, 2 орын алған Алмабек ағамыз «Есіл толқындары» халықтық ансамблдің әншісі, өзі тенниске барғанды да жақсы көреді. Жанұясымен спортқа құмар. Кез келген сайысқа жанұясымен бірге белсенді қатысатын азаматтың бірі. Тағы бір байқағаным кешегі шарада қарттарымыз әдеттегіден көңілді жүрді. Барлығы костюм-шалбар киіп, мерекеге дайындалғандай келіпті. Бұл біздің қолдан қарттарымызға қуаныш сыйлау келгенін, құштарлықтарын оята алғанымыздың дәлелі”, — деді ол.

Шахмат додасына Есіл ауданынан барлығы 11 қария қатысты. Қатысушылардың барлығы ойынды үлкен қызығушылықпен ойнап, өз шеберліктерін паш етті. Турнир барысында жылы жүздесулер мен достық рухтағы бәсекелестік ерекше атмосфера қалыптастырды.

«Бүгінгі шахмат турниріне қатысқаныма өте қуаныштымын. Жасы келсе де, осындай ойындарға шақырып, бізге құрмет көрсетіп отырғандары – үлкен мәртебе. Шахмат – тек қана ойын емес, ол ойды шыңдайтын, төзімділікке, сабырлылыққа үйрететін өнер. «Қариясы бар ауылдың – дариясы бар» дейді ғой, расымен де, үлкенге ізет, кішіге құрмет болған жерде береке-бірлік орнайды. Осындай игі іс-шара ұйымдастырған орталық қызметкерлеріне, спорттық дирекцияға алғыс айтамын. Бастысы – жеңіс емес, осындай ортада бас қосып, көңіл көтеріп, бір-бірімізге қуаныш сыйлау. Шахмат бізді ойда да, өмірде де сергек қылады. Жасымызға қарамай, жүрегіміз жас болып жүргені де осының арқасы деп білемін», — деді жарысқа қатысушы қария.

Сондай-ақ Шахмат клубының президенті, зейнеткер Нұрымов Мерғалым жарысқа әділ қазылық жасап, қатысушыларға қолдау білдірді. Ұйымдастырушылар Нұрымов Мерғалымның осындай турнирлерді өткізуде еңбегі ерен екенін айтып, барлық сайыста қария өзі төрелік етіп, ұпай есептейтінін жеткізді.

Жарыс қорытындысы бойынша 1 орынды – Тастанов Сәрсенбай иеленді. Жүлделі 2 орынды Бердіғалиев Алмабек жеңіп алды. Ал 3-орынға – Урналиев Каримолла лайық деп танылып, жарыс өз мәресіне жетті.

Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Іс-шара соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыс айтып, мұндай турнирлердің ардагерлер арасында жиі өтуі қажеттігін атап өтті. Бұл күн қариялардың мерейін үстем етіп қана қоймай, олардың белсенді әрі қуатты өмір сүретініне дәлел болды.