Астанадағы Достық үйінде «Қаламгер және қоғам» атты дөңгелек үстел өтіп, онда қалалық құрылымдардың өкілдері, әдеби орта мен қоғам қайраткерлері бас қосты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жиынның басты тақырыбы – Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу жолдары» атты Жолдауы болды.
Қатысушылар Жолдауда айтылған жасанды интеллектіні енгізу, елордадағы цифрлық өзгерістер, сондай-ақ әдебиетті дамыту, рухани құндылықтарды сақтау және қоғамдағы зиялы қауымның рөлі мәселелерін талқылады.
Іс-шараны Қазақстан Жазушылар одағының астаналық филиалының төрағасы Бауыржан Бабажанұлы жүргізді. Ал Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен құттықтау сөзінде зиялы қауымның әрқашан білімнің қайнар көзі әрі қоғамның қозғаушы күші болғанын атап өтті. Ол сондай-ақ Жазушылар одағы әкімдікпен рухани-мәдени даму саласында маңызды серіктес екенін айтты.
Айта кетсек, «Жазушы шеберханасы» жобасы аясында белгілі қаламгерлер – Төлен Әбдіктің, Қойшығара Салғараұлының, Тұрсын Жұртбайдың дәрістері өткізіліп келеді. Бұдан бөлек, ғылыми-танымдық экспедициялар, поэзия кештері мен ұлы тұлғаларға арналған іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның ішінде Абайдың 180 жылдығына орай экспедиция да өткен.
Президент Жолдауында ерекше назар аударылған бағыт – елорданың цифрлық трансформациясы. «Ақылды қала» жобасы аясында халықаралық G42 холдингімен бірлесіп, жасанды интеллект жүйелері енгізілуде. Абу-Даби, Дубай, Лондон мен Сингапур тәжірибесіне сүйене отырып, жол қозғалысы мен қоғамдық қауіпсіздікті бақылауға мүмкіндік беретін бейнекамера жүйесі іске қосылады.
Бүгінде Астана қарқынды дамып келеді, тұрғындар саны 1,6 миллионнан асты, ал 2035 жылға қарай 2,3 миллионға жетуі мүмкін деген болжам бар.
Бұл жаңа мектептер салуды, жол желісін кеңейтуді, қоғамдық көлікті көбейтуді және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуды талап етеді.
«Қаламгер және қоғам» дөңгелек үстелі Президент Жолдауындағы міндеттерді әдеби мұрамен ұштастырып, шығармашылық зиялы қауымға қолдау көрсету әрі елордада инновацияны дамыта түсу мәселелерін талқылауға мүмкіндік берген ашық алаң болды.
Қатысушылар Жолдаудағы идеяларды жүзеге асыруға белсенді атсалысуға дайын екендіктерін білдіріп, мәдениет, қоғам және заманауи технологиялар арасындағы байланысты нығайтуға мүдделі екендерін жеткізді.