Солтүстік Қазақстан облысында пара алған бұрынғы шенеунікке ірі айыппұл салынды. Есіл ауданының ТКШ бөлімінің экс-басшысы Қайрат Ахметов 400 мың теңге пара алып, сот үкімімен 20 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.
Тергеу дерегінше, Ахметов кәсіпкерден ақша алып, аудандық маңызы бар жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарының актілеріне қол қоюға уәде берген. Сотта ол кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді. Бірақ түрмеге қамалмай, айыппұлмен құтылды. Енді оған 20 миллион теңгені бір ай ішінде төлеу қажет.
– Есіл аудандық соты ҚР ҚК 366-бабының 2-бөлігі бойынша айыппұл салды. Бұл – пара сомасының 50 еселенген мөлшері. Сондай-ақ Ахметовке өмір бойы мемлекеттік және квазимемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды, – деп хабарлады аудан прокуратурасы.
Айта кетейік, бұрынғы шенеунікке қатысты шағымдар бұған дейін де болған. Шілде айында өңірлік әдеп кеңесінде Ахметовтің мердігерлерге орындалмаған жұмыстар үшін ақша төлегені анықталған. Су тазарту нысанын кешіктіріп тапсырғаны, ауылдарға су тарту мен жол жөндеу ісінде заңбұзушылықтар болғаны да айтылған. Әдеп кеңесі оны қызметтен босатуды ұсынған, алайда ол жеке компанияға жұмысқа орналасып кеткен.
Сот процесі де әдейі көрсетілім ретінде ұйымдастырылды. Үкімді жариялау рәсіміне Есіл ауданындағы мемлекеттік қызметшілер арнайы шақырылып, бұл қадам сыбайлас жемқорлыққа қарсы профилактика шарасы ретінде бағаланды.
Қазіргі таңда сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.