Фото: baq.kz
Костанай облысында ауыл шаруашылығына бөлінген мемлекеттік субсидиялар ұрланды. Тергеу мәліметінше, 2020-2023 жылдары Б. Майлин ауданындағы ветврач Ербол Смағұл фермерлер Натиг Әлиев және Мейраман Сейткалиевпен бірігіп, жоқ ірі қараны және ауыл шаруашылығы жерлерін бар етіп көрсеткен.
Электронды базаға жалған деректер енгізіліп, құжаттар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына бірнеше рет тапсырылған. Әр жолы құжаттар қабылданып, қомақты қаражат мақұлданған. Мемлекеттен бөлінген 96,5 миллион теңге қылмыстық топтың жеке қажетіне жұмсалған.
Сотта айыптылар кінәсін мойындап, істің қысқартылған тәртіппен қаралуына келісті. Костанай облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, Смағұл 5,5 жылға, Әлиев 5 жылға, ал Сейткалиев 3 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар мемлекетке келген шығын толық көлемде өндіріледі.