Тоқаев сапары: АҚШ-тың «жауап қадамы» қандай болмақ?

Қасым-Жомарт Тоқаев қазір АҚШ-та іссапарда жүр. Оның БҰҰ мінберіндегі сөздері мен форумдардағы баяндамаларынан бөлек, басты назарды әлемдік корпорациялармен кездесулері тартып отыр. Себебі дәл осы келіссөздер Қазақстанның ертеңгі экономикалық бағытын айқындауы мүмкін, деп хабарлайды Qazaq.today.

PepsiCo – қазақстандық картоптан Lay’s

АҚШ-тағы келіссөздер барысында PepsiCo компаниясымен Алматы облысында зауыт ашу мәселесі талқыланды. Инвестиция көлемі – 368 млн доллар, нәтижесінде 900 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, жергілікті фермерлер чипсы өндірісі үшін картоп жеткізу бағдарламасына қосылады. Енді қазақстандық дүкен сөрелерінде өзіміздің картоптан жасалған Lay’s өнімдері пайда болмақ.

Amazon Kuiper – цифрлық серпіліс

Amazon-ның Kuiper жобасы аясында Алматы, Ақкөл және Ақтауда жаңа цифрлық инфрақұрылым іске қосылмақ. Инвестициялар көлемі – 200 млн доллар. Жобада «Қазақтелеком» мен ҚР Цифрлық даму министрлігімен бірлескен big data және жасанды интеллект бағытындағы ынтымақтастық қарастырылған.
Кездесулерге Қазақстанның жасанды интеллект министрлігінің басшылары, вице-министрлер мен комитет төрағалары да қатысты. Сарапшылар олардың осы келіссөздерден көп тәжірибе алғанына үміт артып отыр.

Chevron – Теңіз бен Қарашығанақтағы жобалар

Әлемдік энергетика алыбы Chevron компаниясымен Теңіз және Қарашығанақ кен орындарындағы жаңа жобалар, сондай-ақ экспортты Орта дәліз арқылы тасымалдау мәселелері талқыланды. Тәуелсіздік жылдарында Chevron Қазақстанға 55 млрд доллардан астам инвестиция салған, бірақ сонымен қатар айтарлықтай табысқа да қол жеткізді.

АҚШ-тың «жауап қадамы» қандай болмақ?

АҚШ тарапынан да жаңа қадамдар болуы ықтимал. Бұған дейін АҚШ Президенті Дональд Трамп Астанаға ресми сапар жасау мүмкіндігін жоққа шығармаған еді. Егер бұл жүзеге асса, екі елдің экономикалық және саяси байланыстары жаңа деңгейге көтерілуі мүмкін.