«FlyArystan» рейсінде орын дауы: Гүлзира Айдарбекова ақшасын төлеген орнынан айырылды

Фото: Видеодан алынған кадр 

Алматы–Қызылорда бағытына ұшатын рейсте жолаушының орны дауға айналды. Белгілі продюсер алдын ала 3А орнын сатып алғанын, бірақ ұшаққа кірген кезде өз билетімен басқаға беріліп кеткенін айтып шағымданды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

«Сіздің орныңыз ауысып кетті, 37-орынға отырыңыз», – деген қызметкердің сөзінен кейін ол бірден қарсылық білдірген. Әуе компаниясы қызметкерлері тек 7-қатарға отыруды ұсынған. «Ақшасын төлеп алған орыннан айрылып, артқы қатарға отырғызғаны – әділетсіздік. Ал жанымдағы өнер адамдарының бәрі өз орындарында отыр. Менің орнымды сырттай сатып жіберген сияқты», – дейді ашуланған продюсер.

Оның айтуынша, бұл оқиға жалғыз жағдай емес. «FlyArystan»-ға арыз айтып жүргендер көп болғанымен, нәтижесі жоқ көрінеді. «Мен ақшасын төлеп алған орныма өзге біреу ие болып отыр. Бұл – қарапайым қателік емес, тіпті алаяқтыққа ұқсайды. Бұндай әрекетке көз жұма қарауға болмайды. Әр жолаушы өз орнында отыруға тиіс», – деп қосты ол.

Әуекомпания өз кезегінде түсініктеме берді. Ресми хабарламада: «Жолаушы билетті туристік агенттік арқылы сатып алған. Агенттік өкілдері жүйеде өзгеріс енгізіп, жаңа орынды тіркеген. Борт қызметкерлері жүйедегі деректерге сүйеніп әрекет еткен. Жолаушыға түсініктеме берілген соң ол еш қарсылықсыз өз орнына жайғасқан. Қызметкерлердің әрекеті толықтай ережеге сәйкес болды», – делінген.

Компания сондай-ақ, агенттіктер немесе үшінші тарап арқылы алынған билеттерде кез келген өзгерісті сол тарап енгізетінін атап өтті. «FlyArystan» өз кезегінде жүйеде көрсетілген деректердің дұрыс орындалуын қамтамасыз ететінін мәлімдеді.

Ал продюсер болса, бұл тәжірибені «жолаушы құқығын бұзу» деп бағалап отыр. «Ұсақ нәрсені ашынып айтып отырған жоқпын. Жолаушының орнын алып, басқаға беру – келісімді бұзу. Мұндай жағдай қайталана берсе, сенім жоғалады», – дейді ол.