«Балаларды қорғауымыз керек»: Аймағамбетов блогердің шулы мәлімдемесіне пікір айтты

Фото: ortcom.kz

Асхат Аймағамбетов»мұндай жайтқа қоғам мен заңның қатаң реакциясы болуы тиіс» деп есептейді. Әрі депутат блогер жасаған мәлімдеменің сұмдық жағдай екенін еске салды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Бұған дейін көпшілікті ашық түрде қылмысқа шақырып, ел-жұрттың ашу-ызасын тудырған Райхан Жұмамұратова кешірім сұраған еді.

– Мұндай пікірлерді (блогердің мәлімдемесін айтады) мүлде қолдамаймын. Бұл – сұмдық жағдай. Біз тек балаларды қорғауымыз керек. Олар – ерекше қолдауды қажет ететін жандар. Олар да – Қазақстан азаматтары. Бұл балалар бізден көбірек қамқорлық күтеді, – деді халық қалаулысы.

Депутат Асхат Аймағамбетов мұны арандатушылық іс-әрекет деп ойлайды.

– Егер осындай жағдайлар болса, заң аясында тиісті жауапкершілік қарастырылған. Бұл – өте маңызды. Мұндай сөздер, мүмкін, бір-екі адамның арандатушылық әрекеті шығар, бірақ біз оларға жол бермеуіміз керек. Мәселе тек заңның бар-жоғында емес, оны дұрыс орындауда. Мемлекет басшысы да бұл мәселеге ерекше назар аударып отыр. Біз заңның толық орындалуын қамтамасыз етуіміз керек, – деп нақтылай түсті ол.