Фото: Zamon.uz
Өзбекстанда адам сенгісіз оқиға орын алды, деп хабарлайды Qazaq.today.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, жігіт жасырын түрде үйленген. Бірақ келіншегін ешкімге көрсетпей, «қалаға оқуға кеткен» деп жалған ақпарат таратып, бір жыл бойы жасырып жүрген.
Келіншек босанған соң жағдайы тіпті ауырлай түскен, оны бес айлық сәбиімен қоса күйеуі мен енесі қораға қамап қойған.
Көршілері есік алдында ілулі тұрған кішкентай баланың киімдерін байқап, күдіктеніп, полицияға хабар берген. Тінту барысында тәртіп сақшылары қорадан 25 жастағы келіншек пен оның 5 айлық нәрестені тапты.
Қазір әйелді қамауда ұстаған жігіт пен оның анасы және үш қарындасы қамауға алынды. Алдын ала мәлімет бойынша, келіншектің ата-анасы ерте қайтыс болған, ол нағашыларының қолында өсіпті. Тұрмысқа шыққаннан кейін туыстарымен байланысы үзілген.
Бұл оқиға ауылдағы бейқамдық пен әйелдер құқығының тағы бір мәрте аяқасты болғанын көрсетіп отыр.
Осы жағдайға қатысты құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр.