Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің украин энергетикалық инфрақұрылымына жасаған жаппай шабуылдарына жауап беретінін мәлімдеді. Бұл туралы ол 8 қыркүйектегі дәстүрлі кешкі бейнеүндеуінде айтты, деп хабарлайды Qazaq.today.
Зеленскийдің сөзінше, Киевте өткен Ставка отырысында энергожүйенің қауіпсіздігі, әскерді қамтамасыз ету және Ресей шабуылдарынан туындаған жаңа қатерлер талқыланды. Сонымен қатар, майдандағы жағдай мен қорғаныс өнеркәсібінің жұмысы туралы есеп берілді.
Президенттің айтуынша, негізгі тақырыптардың бірі – әуе шабуылына қарсы қорғаныс (ӘШҚҚ) жүйесін нығайту, зымыран жеткізу, қару-жарақ өндірісін арттыру және энергетикалық инфрақұрылымды қорғау.
«Ресей қазір біздің энергетикамызға соққыларын шоғырландырып отыр. Әрине, біздің жауабымыз бар және болады. Бірақ бастысы – жүйенің тұрақтылығы», – деді Зеленский.
Сондай-ақ мемлекет басшысы украиналық дрон өндірушілеріне алғыс айтып, алысқа ұшатын қару өндірісіне ерекше көңіл бөлініп жатқанын жеткізді. Ол күз-қыс маусымына дайындық пен халықаралық серіктестермен жұмыстың жалғасып жатқанын атап өтті.
Зеленский алдағы «Рамштайн» форматындағы кездесудің басты басымдығы ӘШҚҚ-ны күшейту болатынын айтты.
«ӘШҚҚ-ны күшейту – бұл «Рамштайнның» басты мақсаты. Еуропа және АҚШ-пен байланыстарымызда да осы бағыт бірінші орында тұр. Сонымен қатар, министрмен бірге 2026 жылға арналған басымдықтарды айқындадық», – деді ол.
Айта кетейік, 7 қыркүйекке қараған түні Ресей әскері Украина қалаларына жаппай соққы жасады. Киевте министрлер кабинеті ғимараты мен бірнеше тұрғын үй зақымданды. Святошин және Дарница аудандарындағы шабуылдар салдарынан үш адам қаза тапты. Сонымен бірге Одесса, Запорожье, Харьков, Кременчуг және Кривой Рог қалаларына дрондар мен зымырандар бағытталды. Шабуылдардан қираулар мен адам шығындары тіркелді, деп хабарлайды Todayinfo.kz.