Қолында ұнтақ салынған пакет: Танымал рэпер Qarakesek есірткімен ұсталғаны белгілі болды (видео)

Танымал рэп-орындаушы Qarakesek (Омар Амантайұлы) ұсталды. Сараптама қорытындысына сәйкес, ол есірткілік мас күйінде болған. Қолында ұнтақ салынған пакет табылған, деп хабарлайды Qazaq.today.

«Ақтөбе қаласында жүргізілген жедел іс-шаралар барысында 31 жастағы рэп-орындаушы есірткілік масаң күйінде көлік жүргізіп отырған жерінен ұсталды.

Тінту кезінде одан ұнтақ тәрізді зат салынған зип-пакет табылып, тәркіленді. Сараптама қорытындысы оның синтетикалық есірткі заты екенін анықтады.

Медициналық куәландыру нәтижелері де оның көлікті есірткілік масаң күйде басқарғанын растады», – делінген хабарламада.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сонымен қатар, сот шешімімен құқық бұзушы 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды.