Түркістанда білім бөлімінің қызметкерлері 3,7 млрд теңгені жымқырған

Фото: NewTimes.kz

Түркістан облысы Шардара ауданының білім бөліміне қарасты есепшілер 3,7 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырғаны үшін жазаға тартылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жеті айға созылған сот процесінде барлығы 15 адам айыпталушы орындығында отырды. Үкім жарияланған күні сот залы адамға лық толып, сыртта да туыстары кезекке сыймай қалды. Шешім шыққан сәтте кейбір сотталушылар көз жасын тыя алмады.

Сот үкіміне сәйкес, білім бөлімінің басшысы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Есепшілердің басым бөлігі 7 жылға сотталды. Дегенмен, айыпталушылардың бірі келтірілген шығынды толық өтеп, жазадан босатылды. Үш адам жасына байланысты рақымшылыққа ілікті. 62 жастағы екі есепшінің жазасы кәмелетке толмаған балалары болғандықтан кейінге қалдырылды. Ал бір қызметкер тергеу кезінде қайтыс болған.

Сотталушылардың заңсыз тапқан мүлкі мемлекет пайдасына тәркіленді. Оның ішінде жер үйлер, пәтерлер және сауда орындарындағы алтын сататын бутиктер бар.

Үкімді қолдамаған туыстар енді апелляциялық шағым түсіруге ниетті.

— «Мен әйелімнің ондай ақша алғанын ешқашан көрген емеспін. Бұл — жала», – деді сотталғандардың бірінің жұбайы.

Айта кетейік, өткен жылы Атырау қалалық емханасының бас есепшісі 573 миллион теңгені жымқырғаны үшін сотталған еді.