Фото: Pixabay
Morgan Stanley сарапшыларының болжамы бойынша, 2030 жылға қарай АҚШ-тағы әйелдердің 45%-ы саналы түрде жалғыздықты таңдауы мүмкін, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.
Бұл тенденция қазірдің өзінде байқалуда: соңғы бір жыл ішінде елімізде некеге тұрушылар саны 16%-ға азайған. Халықаралық Phys.org порталының деректеріне сүйенсек, жалғыз әйелдер өздерін жалғыз ерлерге қарағанда әлдеқайда бақытты сезінеді. Сарапшылар мұны дәстүрлі отбасылық модельден бас тарту процесі деп түсіндіреді. Кейбіреулер мұны «жалғыздықты насихаттау» деп қабылдауы мүмкін.
Алайда мамандардың айтуынша, әйелдер көбіне дәстүрлі некенің ауыр салмағынан қашып, тәуелсіздікті таңдауда.
«Баланың үстіне қосылып, әйелдің мойнына отырып алатын масыл еркектерден қашу – қазіргі әйелдердің басты ұстанымы», – дейді зерттеушілер.
Әлеуметтанушылардың пікірінше, бұл құбылыс Қазақстанды да айналып өтпеуі мүмкін. Себебі елімізде де соңғы жылдары ажырасу көбейіп, некеге тұру азайып барады.