Таиландтың солтүстігінде «Кадзики» тайфунынан қаза тапқандар саны бес адамға жетті, тағы жеті адам хабар-ошарсыз кеткен, деп хабарлайды Bangkok Post-ға сілтеме жасаған Qazaq.today.
Табиғи апаттан 6 300 адам зардап шегіп, 1 800 үй шаруашылығы қирады.
Бұған дейін бірнеше күн бойы Вьетнамның орталық және солтүстік аймақтарында соққан дауыл салдарынан жеті адам қаза тауып, 10 мыңнан астам үй мен кеңсе су астында қалды. Сондай-ақ 86 гектардан астам күріш егістігі жойылды.
Билік мәліметінше, тайфун Вьетнамда тоғыз мыңға жуық үйдің шатырын бүлдірген немесе ұшырып әкеткен. Су тасқынынан үш мыңнан аса ғимаратты су басты. Мыңдаған гектар егістік алқабы жарамсыз болып, шамамен екі мың бас малды тасқын алып кеткен. Нөсер жаңбырдан ел астанасы Ханойдың көп бөлігі суға батты.
Ал Қытайдың Хайнань провинциясында «Кадзикиге» байланысты 20 мыңнан астам адам эвакуацияланды.
Фото: Bangkok Post