Баға тұрақсыздығы. Экономиканы әртараптандыру. Экология мен АЭС: Президенттің 8-қыркүйектегі жолдауынан халық не күтеді

Фото: Ақорда

Президенттің жолдауы қашанда халыққа үміт сыйлап, билікке жаңа күш береді. Президент елді дамыту мен әлемдік қауіп қатерден сақтандыра отырып, жұмыс істеудің бағыттарын айқындап береді. Жолдау қашанда ең алдымен экономиканы әртараптандыруға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталады. Былтырғы жолдау салық жүйесін жетілдіру, бюджет шығыстарын оңтайландыру, инвестиция тарту сияқты маңызды мәселелерге арналды. Саясаткерлер биылғы жолдау да осы бағытты жалғастыра отырып, жаңа міндеттерді қамтуы тиіс. 

Qazaq.today агенттігі саясаттанушы Қазбек Майгельдиновтың пікірін білді. Оның сөзінше, экономиканы әртараптандыру жалғасады.

««Экономикалық әртараптандыру дегеніміз – қарапайым халықтың күнделікті тұрмысына әсер ететін фактор. Бағаның тұрақтануы, сатып алу мүмкіндігі – бәрі осы саясаттың түпкі нәтижесі. Қазіргі таңда ең басты жолдаудың бағыты – экономикалық әртараптандыру және экономикалық жандандыру. Былтырғы жолдаудың негізгі бөлігі салық жүйесін жетілдіру мен бюджет саласын оңтайландыруға арналды. Инвестиция тарту, ақша-несие бағыты да басты назарда болды», – дейді ол.

Қазақстан үшін шикізатқа тәуелділікті азайтып, жаңа өндіріс пен технологияға негізделген экономика құру – ұзақ мерзімді мақсат. Бұл бағытта нақты қадамдар былтырдан бері қолға алынған.

«Әрине, жолдауларда ұлттық қауіпсіздік пен сыртқы саясат та айтылады. Өйткені әлемдік геоэкономикалық жағдай Қазақстанды да айналып өтпейді. Бірақ биылғы жолдаудың басты бағыты – экономиканың жалғасы болу керек», – дейді сарапшы.

                                                   Цифрландыру мен жасанды интеллект

Технологиялық серпіліссіз жаңа экономикалық деңгейге шығу мүмкін емес. Әлем елдері жасанды интеллект пен цифрландыруды кеңінен енгізіп жатыр. Қазақстан да бұл үрдістен қалыс қалмауы тиіс.

«Әсіресе инфрақұрылымдық жобалар мен цифрландыруға баса назар аударылады. Өйткені жасанды интеллект мәселесі, өндірісті роботтандыру – бүгінгі күннің басты талабы. Сондықтан өнеркәсіпті дамытуда цифрлық бағыттар басым болады», -деді ол.

                                                       Экология және атом электр станциясы

Қоғамдық пікірдің ең қызу тақырыбы – экология. Соңғы жылдары атом электр станциясы төңірегінде өткір талқылаулар жүрді. Бұл мәселе биылғы жолдауда да көтерілуі мүмкін.

«Былтырғы және биылғы қоғамдық пікірдің басты тақырыптарының бірі – атом электр станциясын салу. Оның экологияға әсері туралы талқылау күн тәртібінен түспей тұр. Сондықтан экологиялық мәселелерге де баса назар аударылуы керек. Өйткені климаттың өзгеруі – тек Қазақстанның емес, әлемдік проблема», – дейді Майгельдинов.

                                                   Баға тұрақсыздығы – халықтың басты уайымы

Соңғы жылдары ел ішінде қымбатшылық мәселесі өткір көтеріліп келеді. Инфляция халықтың сатып алу қабілетін әлсіретіп, тұрмыс сапасына тікелей әсер етуде.

«Менің ойымша, қазіргі таңда қоғамдағы ең басты мәселе – баға. Президент инфляцияны тұрақтандыруға көңіл бөліп келеді. Бірақ биылғы жолдауда бағаны тұрақтандыру мәселесі ерекше аталады. Өйткені халықтың сатып алу мүмкіндігі азайып бара жатыр. Әрбір қазақстандықтың тұрмысында сатып алу мүмкіндігі төмендеп кетті. Сондықтан бұл жолдауда Үкімет инфляцияны қалай ауыздықтайтынын нақты көрсету керек. Президент нақты тапсырма беруі тиіс», — деп санайды сарапшы.

                                                              Жұмысшы мамандықтар жылы

Президент 2025 жылды “Жұмысшы мамандықтар жылы” деп жариялаған болатын. Бұл бастама техникалық және кәсіби білімге жаңа серпін бермек.

«Осы жылдың ішінде президент білім беру саласында техникалық мамандықтарды игеру қажеттігін атап өтті. Бұл бастама алдағы жолдауда да жалғасын табуы тиіс», – дейді Қазбек Майгельдинов.

Биылғы жолдау экономикалық әртараптандыру бағытын жалғастырып қана қоймай, халықтың күнделікті өміріне әсер ететін нақты шешімдерге баса назар аударуы мүмкін. Цифрландыру мен инфрақұрылым, экология мен баға тұрақтылығы – барлығы да әрбір қазақстандықтың тұрмысымен тікелей байланысты.