Семей тұрғыны көпірден секіретінін айтып, құтқарушыларға суши мен темекі алдыртқан

Фото: видеодан скрин

Абай облысы Семей қаласында ер адам жаңа көпірдің бағанасына шығып, түсуі үшін полициядан суши мен темекі сұраған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Аталған жағдай 21 тамыз күні кешке болған. Оқиға орнына жедел түрде Төтенше жағдайлар министрлігі, полиция, жедел жәрдем және жергілікті атқарушы органдардың күштері жеткен. Ер адаммен байланыс орнату үшін бағанаға психолог пен құтқарушы көтерілген.  Сонымен қатар құтқарушылар қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, Ертіс өзеніне құтқару қайықтарын қойған. Әуе бақылауын жүргізу және жағдайды бағалау үшін дрон да пайдаланылған.

Келіссөздерді жедел-құтқару жасағының бөлімше басшысы, құтқарушы Ринат Бабажанов жүргізген. Алайда келіссөз күтпеген арнаға бұрылған. Ер адам құтқарушылардан суши мен темекі сұраған. Мұны құтқарушылар да растады.

«Абай облысындағы жаңа көпірде 40 жастағы ер адам бағанаға шығып кетті. Бұл жағдай халықтың алаңдаушылығын тудырып, іске құтқарушылар жедел араласты. Келіссөз барысында ер адам шынында да суши сұрады. Байланыс орнату үшін оның өтініші орындалды. Ең бастысы оның өмірі мен денсаулығын сақтап қалдық. Кейін ер адам полиция мен дәрігерлерге тапсырылды», – делінген хабарламада.