Фото: alash.kz
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мектеп формасына қатысты өз пікірін білдірді. Ол аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында енгізілген жаңа тетіктің тиімділігін атап өтті.
Көмек көрсетудің жаңа тәсілі
Аймағамбетовтің айтуынша, 2021 жылдан бастап мектеп формасына қолдау көрсету механизмі өзгерген. Бұған дейін әкімдіктер балаларға бірдей үлгіде және сапасы төмен киімдер сатып алып беретін. Ал жаңа жүйе бойынша ата-аналарға қаражат тікелей картаға аударылады.
«Бұл тәсілдің басты артықшылығы – ата-аналар өз баласына сапасы мен бағасын салыстырып, шынымен қажет затты өздері таңдай алады. Бұл ыңғайлы әрі әділ жол», – деді депутат.
Әлеуметтік маңызы
Аймағамбетов балалардың «бірдей форма киіп, бюджет есебінен алынғаны байқалып қалатындықтан қысылатын» жағдайы жойылғанын атап өтті. Оның пікірінше, қазіргі кезде мектепке дайындық шығыны артқанымен, мемлекеттен бөлінетін көмек сомасы да өсе түсті.
«Ең бастысы – бұл көмек тікелей ата-анаға беріледі деген қағида сақталған», – деді ол.
