Тараздағы балабақша жанжалы: көмекші тәрбиеші 5 жастағы баланы ұрып-соққан

Фото: HALYQSTAN

Әлеуметтік желіде тараған видеода әйелдің баланы пакетпен басынан ұрған сәті қоғамда үлкен резонанс тудырды. Видеоға қоса жарақаттың суреті мен «№36 балабақша» деген жазу жарияланған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Оқиға қалай болған?

Оқиға 25 шілдеде Тараздағы №36 «Бүлдіршін» балабақшасында орын алған. Кешкі серуен алдында тәрбиешінің көмекшісі бес жастағы баланы ұрған.

Балаға медициналық көмек көрсетілді

Қалалық білім бөлімі хабарлағандай, тәрбиеші бірден медбикені шақырып, балаға алғашқы көмек көрсетілген.
«Оқиға туралы дереу анасына хабарланды. Сол күні олар балалар қалалық ауруханасының травматологиясына жүгініп, рентген жасатты. Хирургиялық көмек көрсетіліп, күнделікті таңғыш салу белгіленді. Ата-анасына жағдай түсіндіріліп, өзара келісімге келді», – деді Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова.

Жауаптылар жазаланды

Тексеру нәтижесінде әдіскер мен көмекші тәрбиеші жұмыстан босатылды. Топ тәрбиешісіне қатаң сөгіс жарияланды. Балабақша басшылығына ұжым арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

Қылмыстық іс қозғалды

Жамбыл облыстық полиция департаменті оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы («Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау») бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Қазір сараптамалар тағайындалды, куәгерлерден жауап алынуда.
«Тергеу облыстық ПД басшылығының бақылауында. Балалардың құқығына қатысты әрбір жағдай заң аясында жеке қаралады», – деп мәлімдеді ведомство.