Суретті Диана Ахметованың туыстары ұсынды/ «NewTimes.kz» АА фотоколлажы
2025 жылғы 17 тамызда Ақмола облысында болған әуе апатында 43 жастағы Диана Ахметова – үш баланың анасы қаза тапты. Ол туған күніне өзі үшін ерекше сый жасауды ойлап, жеңіл әуе кемесімен ұшуға шешім қабылдаған. Өкінішке қарай, сол әуе сапарында ұшақ апатқа ұшырап, жолаушы мен әуе кемесінің иесі Арман Мусин қаза болды.
Апат алдындағы соңғы сәттер
Диана Ахметова 16 тамыз күні туған күнін атап өткен. Ал келесі күні сағат 17:00-де ұшуға жазылып, таксимен Төңкеріс ауылына жеткен. Жақын құрбысымен хат алмасуда ол жаңбырға байланысты ұшудың кейінге қалдырылуынан алаңдаған.
«Маленький самолетик. Но блин, сейчас дождь начался. Вот обидно будет, если я приеду, но полет отменят», – деп жазған ол.
Кейін белгілі болғандай, ауа райының қолайсыздығына қарамастан ұшақ жоспарланған уақытта ұшқан. 17:38-де апат тіркелді.
Қайғылы салдар
Диана Ахметованың артында 19 жастағы қызы мен жасы 12 және 14-тегі екі ұлы қалды. Өткен жылы олардың әкесі де өмірден өткен болатын.
Жақындарының айтуынша, оқиға болған соң компания ұйымдастырушылары отбасы мүшелерімен байланысқа шықпаған, тіпті әлеуметтік желідегі парақшаларын да өшіріп тастаған.
Ресми ақпарат
Қазақстанның Көлік министрлігі Aerostar R40F жеңіл моторлы ұшағының құлағанын растады. Қазіргі таңда апаттың себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Транспорт полициясы ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабы 3-бөлігі бойынша (әуе көлігін пайдалану қауіпсіздігін бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелу) сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Айта кетейік, бұған дейін де 2025 жылғы 22 маусымда Астана іргесіндегі Жоламан әуежайы маңында TL-2000 үлгісіндегі жеке әуе кемесі апатқа ұшырап, екі ұшқыш қаза болған еді.