Фото: Ашық дереккөздерден
Ресей президенті Владимир Путин Украинаға қауіпсіздік кепілдіктері жөнінде келіссөз жүргізуге дайын екенін айтты. Алайда ол ықтимал кепілдердің қатарында Батыс елдерін немесе НАТО-ны емес, Қытайды атады.
Сарапшылардың пікірінше, бұл ұсыныс Мәскеудің НАТО күштерін бітімгерлік процеске араластырғысы келмейтінін көрсетеді.
Ал Киев ресми өкілдері үшін ең маңыздысы – АҚШ президенті Дональд Трамптың Украинаға халықаралық қауіпсіздік кепілдіктерін қолдауы. Бұл қадамның өзі Украина үшін оң нәтижеге бастайтын қадам саналады.
Дегенмен, Путиннің Қытайды ұсынуы түрлі күмән туғызды. Өйткені Бейжіңнің қазіргі геосаяси бағыты Ресейге жақын екені белгілі, сондықтан оның бейтарап кепіл болатынына сенім аз.
Әлеуметтік желілерде бұл жаңалық қызу талқыланып, пікір жазушылардың кейбірі кекесінмен:
«Енді кепіл ретінде Солтүстік Корея мен Иранды да қосса, нағыз бейбітшіліктің кепілдері болар еді», – деп жазды.
Сарапшылар бұл ұсынысты Мәскеудің дипломатиялық қадамы ғана емес, сонымен бірге Батысқа қарсы символдық жауап ретінде бағалап отыр. Алдағы уақытта Қытайдың мұндай бастамаға ресми көзқарасы халықаралық қауымдастық үшін маңызды болмақ.
