Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform
Алматы қаласында соңғы уақытта электрлі самокатпен жүру кезінде заң бұзушылықтар жиілеп кетті. Осыған байланысты полиция тұрғындарға арнайы үндеу жасады.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, электрлі самокатты пайдалану — үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Оны ретсіз тұраққа қою немесе пайдалану ережелерін бұзу жаяу жүргіншілерге, әсіресе балаларға қауіп төндіреді.
Қалалық полиция мобильді топтармен бірге көшелерде тұрақты патруль жүргізіп жатыр. Егер самокат иелері жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтірсе немесе тротуар мен жол бойына қойса, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Сонымен қатар, тәртіп сақшылары ата-аналарға үндеу жасап, балаларға электрлі самокат айдауға рұқсат бермеуді сұрады. Бұл — олардың өмірі мен денсаулығына төнетін үлкен қауіп. Кәмелетке толмағандарды қадағаламағаны үшін ата-аналар да заң алдында жауапты болады.
«Электрлі самокатты пайдаланушыларды жол ережесін қатаң сақтауға, жаяу жүргіншілерге құрметпен қарауға және Алматы көшелерінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге шақырамыз», — деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.
Айта кетейік, бұған дейін Германияда электрлі самокат апатынан қаза тапқандар саны артқаны хабарланған болатын.
