Путинмен кездесуден кейін Трамп Зеленскийге кеңес берді

Фото: x.com/WhiteHouse

АҚШ президенті Дональд Трамп ресейлік әріптесі Владимир Путинмен кездесу қорытындысында Украина басшысы Владимир Зеленскийге қақтығысты реттеу үшін Мәскеумен келісім жасауға кеңес берді. Бұл туралы Трамп Fox News телеарнасына берген сұхбатында айтты.

«Мен мұны істей аламыз ба, жоқ па – соны көргім келеді. Келісім әзірге дайын емес. Украина да келісуі тиіс. Айтайын дегенім, білесіздер ғой, президент Зеленский келісуі керек, бұл – ол көп шығынға ұшырап жатқан сұмдық соғыс,» – деді Трамп Ресей мен Украина арасындағы келісім мүмкіндігі жайлы.

Оның айтуынша, Украинадағы дағдарысты реттеу бойынша келісімге келу енді Зеленский мен Еуропа елдеріне байланысты.

«Біз көптеген тармақ бойынша келістік… Енді келісімді соңына дейін жеткізу Зеленскийдің қолында. Еуропа елдері де бұл іске сәл қатысуы керек. Бірақ бәрі де… Зеленскийге байланысты. Украина келісуі қажет. Мүмкін, олар ‘жоқ’ дер,» – деді Трамп.

«Келісімге келіңдер. Ресей – өте үлкен мемлекет. Ал Украина – олай емес,» – деп қосты АҚШ президенті.

Трамп Путинмен кездесуді «өте жақсы» деп сипаттады. Бірақ ресейлік әріптесімен қай тұста ортақ мәмілеге келгенін, ал қай мәселеде келісе алмағанын жария етуден бас тартты.

«Мен мұны ашық айтқым келмейді. Оны бәрібір біреу жариялайды, сосын бәрін өздері талқылап алады,» – деді ол.

АҚШ президентінің сөзінше, енді оның, Путин мен Зеленскийдің қатысуымен жаңа кездесу дайындалып жатыр.

«Зеленский де, Путин де менің олардың кездесуіне қатысқанымды қалайды. Мен ол жерде боламын,» – деді Трамп.

Еске сала кетейік, бұған дейін Аляскада Трамп пен Путин келіссөз өткізген еді. Кездесудің басты тақырыбы Украинадағы қақтығысты реттеу болды. Келіссөздер «үшке үш» форматында өтіп, екі сағат 45 минутқа созылды. Кездесуден кейін қос тарап журналистерге мәлімдеме жасады. Трамп, атап айтқанда, АҚШ пен Ресейдің «көптеген тармақ бойынша келісімге келгенін», алайда әзірге мәміле жасай алмағанын мәлімдеген болатын.