Фото: instagram.com/gmg_max
Танымал кәсіпқой боксшы, Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкиннің туған інісі Максим Головкин елде жаңа коммерциялық ұйымның иесі атанды.
Ашық деректерге сүйенсек, 2023 жылғы шілдеде ол «Infinity Logistic» ЖШС-нің құрылтайшысы болып тіркелген. Компанияның негізгі қызметі – көлік-экспедициялық қызмет көрсету, қосымша бағыты – теміржолды пайдалану. Бұл фирма 6 жыл бұрын Алматыда құрылған, осы уақыт ішінде бес рет құрылтайшысы ауысқан. Соңғы 4 жылда ұйымды бұрын Алматы-1 станциясының бастығы болған Аскар Исімбеков басқарады. 2019 жылдан бері компания бюджетке 828 млн теңге көлемінде төлем жасаған.
Бұл актив қазір Қазақстандағы Максим Головкиннің ең ірі жобаларының бірі саналады. Бұдан бөлек, ол жеке кәсіпкер ретінде де тіркелген. Алғашында оның ЖК атауы GGG болса, кейін ол «Головкин М.Г.» болып өзгертілген.
Максим Головкиннің басқа компаниялары:
-
«GGG Fitness Astana» ЖШС (2018 ж. қаңтар) – фитнес-клуб қызметі, 2019 жылдан бері 1,33 млн теңге салық төледі;
-
«GGG Fitness Karaganda» ЖШС (2017 ж. қазан) – фитнес-клуб қызметі, 2018 жылдан бері 3,19 млн теңге төледі;
-
«GGG Corporation» ЖШС (2023 ж. мамыр) – сусындардың көтерме саудасы, 2024 жылдан бері 1,87 млн теңге салық;
-
«GGG NRG» ЖШС (2021 ж. сәуір) – сусындардың көтерме саудасы, 2018 жылдан бері 20,22 млн теңге;
-
«GGG Energy» ЖШС (2017 ж. маусым) – сусындардың көтерме саудасы, 2018 жылдан бері 34,81 млн теңге.
Бұл жобалар оның бизнесін фитнес индустриясынан бастап, тұтыну тауарлары саудасына дейін әртараптандырғанын көрсетеді.
Геннадий Головкиннің Қазақстандағы бизнесі
Геннадий Головкин Қазақстанда тек бір компанияның – «GGG & Friends Co.» ЖШС (2011 ж. тамыз) – құрылтайшысы. Оның серіктесі – Кирилл Потапов. Компания әртүрлі тауарлардың көтерме саудасымен айналысады және 2015 жылдан бері бюджетке 1,082 млрд теңге салық төлеген.
Сондай-ақ, 2016 жылы қазақстандық БАҚ Геннадий Головкиннің Екібастұз бен Қарағанды кен орындарының көмірін байыту фабрикасына инвестиция салғанын хабарлаған. Жобаға «KAZ Феррит» ЖШС мен «Самұрық-Қазына» қоры серіктес болған.