Фото: ertenmedia.kz
Семей қаласында жаңа күйінде сатып алынған Jetour маркалы көліктердің жиі істен шығуы жүргізушілердің ашу-ызасын тудырды. Автосалоннан алған темір тұлпарлар небәрі бірнеше мың шақырым жүргеннен кейін бұзыла бастайды.
Көлік иелерінің айтуынша, дилер орталығы мәселені түбегейлі шешудің орнына «күтіңіз», «жөндейміз» деген уәдемен уақыт созып, жауапкершіліктен жалтарып отыр.
Мәселен, Jetour X70 иесі көлігін 9 000 шақырымдай ғана жүргізген кезде ақау пайда болғанын айтады. Бұған дейін де ол небәрі 6 600 шақырым жүргенде бұзылған. Кепілдік мерзімі 200 000 шақырымға дейін болса да, жаңа көлік қайта істен шығып, жөндеу жұмыстары 15 күннен 90 күнге дейін созылуда.
«Бұл қарапайым халықты мазақ ету. Несиені үздіксіз төлеуге мәжбүрмін, ал көлік гаражда тұрады. Тұтынушылардың құқығын қорғау агенттігіне жүгінемін, тексеріс жүргізілсін», – дейді семейлік тұрғын.
Мұндай жағдай тек Семейде емес, басқа өңірлерде де қайталанып жатыр. Тағы бір жүргізуші Jetour көлігінің шынжыры үзіліп, қозғалтқыш қорғағышы істен шыққанын жеткізді. Басқа иесі Jetour X50 көлігін алғанына бір ай толмай жатып, жүріс бөлігінен бөгде дыбыстар шыққанын айтады.
Жүргізушілер автосалонның әрекетсіздігіне наразы және тиісті органдардан сапасыз көліктер мәселесін тез арада шешуді талап етуде.