Фото: Getty Images
Астананың хоккей клубы ресми түрде АҚШ ойыншысы Иэн Маккошенмен келісімшартқа қол қойғанын хабарлады, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.
29 жастағы қорғаушы өткен маусымды Қытайдың ҚХЛ-дағы клубы — «Куньлунь Ред Стар» сапында өткізді. Ол 61 кездесуде мұзға шығып, 4 шайба соқты және 11 нәтижелі пас берді. Сонымен қатар, қарсыластар қақпасына 90 соққы жасап, 113 мәрте күш қолдану әдісін (силовой прием) орындады.
Маккошен кәсіби мансабын АҚШ-та бастап, 2013 жылы NHL драфтында «Флорида Пантерз» клубы тарапынан 31-нөмірмен таңдалды. Ұлттық хоккей лигасында ол жалпы 60 матч өткізіп, 4 гол соғып, 3 нәтижелі пас берді.
Ойыншы АҚШ құрамасы сапында жастар арасындағы әлем чемпионаттарына қатысып, қола медаль иегері атанған. Сондай-ақ ол AHL және ECHL лигаларында да тәжірибе жинақтаған.
«Барыспен» келісімшарт 2026 жылдың 31 мамырына дейін жасалды. Маккошен жаңа маусымда астаналық клубтың қорғаныс шебін күшейтеді деп күтілуде.