Алматыда ДжейЛо концертіне байланысты бірнеше көше жабылады

Фото: instagram.com/@jlo

10 тамыз күні Алматыда өтетін әлемге әйгілі әнші Дженнифер Лопестің концертіне байланысты бірқатар көшелерде көлік қозғалысы шектеледі.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қозғалыс сағат 16:00-ден бастап мына учаскелерде тоқтатылады:

  • Байтұрсынов көшесі – Шевченко көшесінен Тимирязев көшесіне дейін;

  • Сәтбаев көшесі – Сейфуллин даңғылынан Байзақов көшесіне дейін;

  • Абай даңғылы – Сейфуллин даңғылынан Мұқанов көшесіне дейін.

Концерт Орталық стадионда өтеді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 3 мыңға жуық адам – полиция, әскерилер, күзет және волонтёрлер жұмылдырылады. 26 бақылау-өткізу бекеті орнатылып, металлдетекторлар мен сканерлер қолданылады.

Стадион төрт фан-аймаққа бөлінеді, жедел жәрдем және өрт сөндіру қызметі кезекшілік етеді. Периметрде қосымша 100-ге жуық биотуалет орнатылады.

Көрермендер үшін 50 арнайы автобус қатынайды, сондай-ақ навигация белгілері мен LED-экрандар қойылады.