Фото: видеодан кадр
Қайғылы оқиға 6 тамыз күні түстен кейін болған. Шаты туристік аймағының аумағындағы аспалы көпірдің қос арқанының бірі үзіліп, көпір беті бір бауырына қарай қисайып қалған. Синьхуа агенттігінің мәліметінше, 29 адам көпірден өзен арнасына құлаған. 5 адам оқиға орнында қаза болып, 22 адам жеңіл жараланған, тағы 2 адамның жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.
Жергілікті әкімдіктің хабарлауынша, жаралы жандардың барлығы ауруханаға жеткізіліп, ем қабылдап жатыр. Трагедиядан кейін Шаты туристік аймағы уақытша жабылды.
Шаты туристік аймағы Іле қазақ автономиялық облысының Моңғолкүре ауданындағы Шаты қырғыз ұлттық ауылының аумағында. Тяньшань тауының етегі саналатын аумақ әсем табиғатымен бүкіл Қытайға белгілі.
Іле облысының Моңғолкүре аймағы Қазақстанның Райымбек ауылымен шекараласады.