Фото: gov.kz
Жамбыл ауданында соңғы екі жылда өрт оқиғаларының саны екі есеге көбейді. 2024 жылы 57-ден 2025 жылы 83-ке дейін артқан (тамыз айындағы дерек бойынша). Қаза тапқандар саны төрт есе өскен, деп хабарлайды Qazaq.today.
Тіркелген оқиғалардың қатарында құрғақ шөптің жануы (500 ш.м.) және жеке тұрғын үйлердегі өрттер (234 ш.м.) бар. Мұндай жағдайлардың негізгі себептерінің бірі — елді мекендердің өрт сөндіру бөлімшелерінен 50 км-ден астам қашықта орналасуы, бұл өртке дер кезінде әрекет етуді қиындатады.
«Алматы облысында ауылдық елді мекендердегі өртке қарсы инфрақұрылымды нығайту және төтенше жағдайларға дайындықты арттыруға бағытталған республикалық «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр. Бұл үдерісте бей-жай қарамайтын азаматтар, жергілікті белсенділер мен аудан әкімдіктері маңызды рөл атқаруда. Олар ортақ мақсат – ҚАУІПСІЗДІК жолында күш біріктіруде», — деп хабарлады Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Оқыс оқиғалардың тым көбейіп кетуі жаңа өрт сөндіру бекетінің салынуына түрткі болды. Бекет алты елді мекенді қамтып, 15 мыңнан астам халықты өрттен қорғауды қамтамасыз етпек.
«Қазыбек бек ауылындағы өрт сөндіру бекеті келесі міндеттерді атқарады: Өрт сөндірушілердің келу уақытын едәуір қысқарту. Өрт пен төтенше жағдайларға әрекет ету тиімділігін арттыру. Ауылдық аумақтардың тұрақты өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету», — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.