Фото: Видеодан алынған кадр
23 шілде күні Алакөлде демалып жүргендер су бетінде қалқып жатқан әйел адамның денесін тауып алды.Куәгерлердің айтуынша, қайғылы оқиға кезінде жағажайда құтқару қызметі мүлде болмаған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Оқиғаның егжей-тегжейін желі қолданушысы Арина есімді әйел баяндаған. Оның жазбасына қарағанда, таңғы сағат 6-лар шамасында жағажайда серуендеп жүргенде, кенет «Суда әйел жатыр, көмектесу керек!» деген дауысты естіген.
«Ол тым алыста еді. Ешкім суға түсіп, көмектесуге батылы жетпеді. Қызымды жағада қалдырып, өзім жүгірдім. Қолымда құтқару баллоны болды. Менен басқа 69 жастағы бір әйел де суға жүзіп жетті. Екеуміз марқұмды жағалауға қарай сүйреп шығардық. Өкінішке қарай, ол тыныс алып жатқан жоқ еді», – дейді Арина.
Кейін марқұмның ұлына хабар берілген. Алдын ала болжам бойынша, әйел жүрек талмасынан көз жұмған. Белгілі болғандай, ол жағажайға жалғыз келген, кейіннен бірге демалуға келген құрбылары табылып, олар марқұмды жерлеу үшін үйіне алып кеткен.
Осы оқиғадан кейін демалушылар жағажайда құтқару қызметінің жоқтығына наразылық білдірді. Көптеген желі қолданушылары жауапты мекемелерді сынға алды:
-
«Суға кеткен адамды кездейсоқ демалушылар алып шықты»
-
«Осынша адам демалатын жерде бірде-бір құтқарушы көрінбейді!»
-
«Бес күн демалдық, бірақ құтқарушыларды мүлде байқамадық»
-
«Алакөл әкімдігі жауапкершіліктен жалтарып отыр!»
Оқиға әлеуметтік желіде кеңінен тарап, қоғамдық резонанс тудырды. Қазір халық қауіпсіздік талаптарының сақталмауына байланысты жауапты органдардан нақты шаралар қабылдауды талап етуде.