Көлік вице-министрінің вазада жасырған ақшасы: ҰҚК ұсталған сәтті көрсетті

Фото: Видеодан скрин

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жемқорлыққа қарсы қызметі Көлік вице-министрі Сатжан Аблалиевті ұстау сәтінің видеосын жариялады.

Оперативтік кадрларда құқық қорғау органдарының қызметкерлері Аблалиевті көшеде тоқтатып, кейін оның үйінде тінту жүргізгені көрсетіледі. Тінту кезінде ваза ішінен көп мөлшердегі қолма-қол ақша табылған.

Бұған дейін ҰҚК Сатжан Аблалиевтің пара алу күдігімен ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынғанын ресми түрде растаған болатын.

Сатжан Аблалиев туралы мәлімет:
– 1970 жылы Атырау облысында туған
– Алматы автомобиль-жол институты мен Қазақ көлік және коммуникация университетін бітірген
– 2023 жылдың қазан айынан бастап ҚР Көлік вице-министрі қызметін атқарып келген
– Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары және Автомобиль жолдары комитетінде жұмыс істеген.

Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.