Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы көлік саласының қызметкерлерін марапаттады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президент, ең алдымен, көлік саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, оларды еліміздің дамуына елеулі үлес қосып жатқан нағыз еңбек адамдары деп атады.
— Мемлекет үшін көлік саласының стратегиялық маңызы айрықша. Бұл — айқын нәрсе. Көлік жүйесі — әрбір елдің дамуының көрінісі. Онсыз экономиканың алға басуы мүмкін емес. Сондықтан бұл салаға біз аса маңызды басымдық ретінде қараймыз. Көлік құралдары — экономиканың қозғаушы күші, өсіп-өркендеу кепілі десек, артық болмайды. Еліміздің осы саладағы мүмкіндіктері мол, тіпті, бірегей деуге болады. Қазақстан — Еуразиядағы негізгі транзиттік хабтың бірі. Біз қазір Транскаспий халықаралық көлік бағдарын белсенді түрде дамытып жатырмыз. Бұл — Қытай, Орталық Азия және Еуропа арасында тауар жеткізудің төте жолы. Былтыр Сиань қаласында көлік-логистика орталығын аштық. Оны «Бір белдеу, бір жол» атты жаһандық бастама аясында Қытай елімен бірлесіп жүзеге асырдық. Бұл қадам халықаралық жүк тасымалын арттыруға септігін тигізуде, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстан аумағы арқылы өтетін дәліздердің инфрақұрылымын біртіндеп жақсарту қолға алынғанын айтты.
— Логистика орталықтары және қоймалар салынып жатыр. Темір жол құрылысы жанданып жатыр. Осындай маңызды шаралар сыртқы сауда айналымын ұлғайтуға мүмкіндік береді, экономиканы өркендетуге ықпал етеді. Биыл «Достық — Мойынты» темір жолының екінші желісі салынып бітеді. Соның арқасында жүк көлемі бес есе артады. Осы ауқымды жобаны, негізінен, өз жұмысшыларымыз жүзеге асырып жатқанын да атап өту қажет. Сондай-ақ жыл соңында Алматы бекетін айналып өтетін темір жол іске қосылады. Нәтижесінде жүктеме азайып, жүк жеткізу мерзімі қысқармақ. Көлік-тасымал саласы озық, заманауи және бәсекеге қабілетті болуы керек. Сол себепті, алдағы уақытта еліміздегі темір жолдың ұзындығын едәуір арттыру көзделіп отыр. Он бір мың шақырым теміржолды жөндеу жұмысы жалғасады. Жаңадан 5 мың шақырым жол салу және оны жаңғырту жоспарлануда. Қазір Транс-Қазақстан теміржол дәлізі ауқымды жобасы қолға алынды. Менің тапсырмаммен ұзындығы 323 шақырым болатын «Мойынты — Қызылжар» теміржолы салынып жатыр. Бұдан бөлек, «Дарбаза — Мақтаарал» және «Аягөз — Бақты» теміржол өткелінің құрылысы қарқынды жүруде, — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, тағы бір маңызды бағыт – машина жасау секторы
Әлемнің ең озық компанияларын тарта отырып, жергілікті өндірісті дамыту өзекті.
– Қазір Қазақстанда шетелдік үздік компаниялар жұмыс істейді. Мен жыл басында Астанадағы электровоз құрастыру кәсіпорнына бардым. Онда жүк және жолаушылар тасымалдайтын электровоз бен қосалқы бөлшектер шығарылып жатыр. Ең бастысы, осындай маңызды жұмысты өз мамандарымыз атқаруда. Мемлекет мұндай жобаларға жан-жақты қолдау көрсете бермек, – деді Президент.
Мемлекет басшысы әуе қатынастарын дамыту көлік саясатындағы басым міндеттердің бірі екенін атап өтті.
– Бүкіл ел бойынша авиация инфрақұрылымын жаңғырту үшін кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Мысалы, өткен жылы Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында жаңа терминалдар іске қосылды. Әуежайлардың өткізу қабілеті айтарлықтай артты. Бұрын Алматы әуежайы жылына 2,5 миллион жолаушыға ғана қызмет көрсете алатын. Бүгінде бұл көрсеткіш 14 миллионға дейін ұлғайды. Менің тапсырмаммен Зайсанда, Катонқарағайда және Кендірліде үш жаңа әуежай салынып жатыр. Арқалық әуежайы қалпына келтіріле бастады. Мұндай жобалардың жүзеге асуы жолаушылар нөпірін көбейтіп қана қоймайды. Сонымен қатар логистика, туризм, сауда және басқа да қосалқы салалардың дамуына серпін береді. Әуе рейстерінің географиясын кеңейту мақсатында тұрақты түрде жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз. Қазіргі кезде Қазақстанның 30-дан астам елмен тікелей әуе қатынасы бар. Бірақ бұл аз. Аталған бағыттағы жұмыс жалғасады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Алдағы маңызды міндет – әуе арқылы жүк тасымалын дамытып, Қазақстанды аймақтағы жетекші авиациялық хабқа айналдыру»
– Үкімет ұлттық жүк тасымалдаушы әуе компаниясын құру туралы жоспарын мәлімдеді. Жалпы, еліміздегі азаматтық авиация мен әуе арқылы жүк тасымалын дамыту мәселесі тек көлік қызметі ретінде қарастырылмайды. Оның ауқымы одан әлдеқайда кең. Бұл – еліміздің экономикалық өсіміне, халықаралық аренадағы орнына және егемендігіне тікелей әсер ететін стратегиялық вектор, – деді Президент.