Тоқаев дәрігерлерді ұрып-соғатындардың жазасын қатаңдатуды тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке тиісті заңнамалық түзетулер әзірлеуді тапсырып, дәрігерлерге күш қолданатындардың жазасын қатаңдату туралы міндет жүктеді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай жазды. Оның  айтуынша, президент осы бағыттағы ұсыныстарды қолдап отыр.

«Мемлекет басшысы медицина қызметкерлеріне шабуыл жасап, күш қолданып және қатыгездік танытқан әрекеттерге қатысты жазаны қатаңдату мақсатында ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізу туралы Парламент депутаттарының, денсаулық сақтау саласы өкілдерінің және белсенді азаматтардың ұсынысын қолдайды. Дәрігерлердің денсаулығына нұқсан келтіріп, өміріне қауіп төндіретін мұндай келеңсіздіктерге «Заң және тәртіп» қағидатына сәйкес құқықтық тұрғыда батыл түрде тосқауыл қойылуы керек. Президент Үкіметке тиісті заңнамалық түзетулер әзірлеуді тапсырды. Бұл бастама Парламентте азаматтық қоғам өкілдерімен бірге талқыланады», — деп жазды Желдібай.