Фото: Президент әкімшілігі
Президент әкімшілігінің комиссиясы Алматыдағы Бағанашыл балалар үйіне барды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Ақпаратқа сәйкес, комиссия мүшелері студенттермен, мекеме басшылығы мен қызметкерлерімен, білім беру жүйесінің өкілдерімен кездесті.
«Тексеру аясында Президент Әкімшілігінің өкілдері балалар үйіндегі тұрмыстық және білім беру жағдайымен танысып, іргелес жатқан инфрақұрылым нысандарын аралап көрді. Қазір көшу туралы шешімге қатысты құжаттар жинақталып, талданып жатыр. Жетім балаларға қатысты заңнамада көзделген барлық әлеуметтік-құқықтық кепілдіктің сақталуына ерекше назар аударылатын болады», – делінген хабарламада.
Тексеру балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында бірінші кезекте жүргізілуде және қысқа мерзімде аяқталады.
Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин де өзінің Телеграм арнасында жазды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен Президент Әкімшілігі кешегі оқиғаға қатысты қызметтік тергеу жүргізуді бастады. Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторлары және Ішкі саясат бөлімінің қызметкері аймаққа жол жүріп кетті», – деді Ерлан Қарин.