Фото: Қостанай облысы прокуратурасы
Қызылорда қаласының №2 соты Ұлытау облысы Сәтбаев қаласының бұрынғы прокурорына қатысты қылмыстық істі қарап, үкім шығарды. Бұл туралы Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaq.today.
Сотталушыға ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі 2-тармағы (алаяқтық), 28-баптың 4-бөлігі және 367-баптың 2-бөлігі (пара алуға итермелеу) бойынша айып тағылды.
Тергеу нұсқасы бойынша, 2025 жылғы 1 сәуірде Қызылорда қаласында сотталушы танысын кездестіріп, оған қатысты бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқанын естиді. Ол қызмет бабын пайдаланып, бұл істі «оң шешіп беремін» деп алдап, 2 миллион теңге сұраған. Kaspi Bank арқылы оның 1 миллионын аудартқан.
Кейін 24 сәуірде тағы 500 мың теңге алған. Осылайша, алдау жолымен жалпы 1,5 миллион теңге жымқырған. Сотта ол өз кінәсін мойындады.
Сот шешімімен бұрынғы прокурор 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, ол енді өмір бойы мемлекеттік қызметте, сот жүйесінде, Ұлттық банк пен квазимемлекеттік секторда жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Апелляциялық шағым да қанағаттандырылмай, бірінші сатыдағы үкім өз күшінде қалды.
