«Lenina 36»: Алматыдағы кафе әлеуметтік желідегі сыннан кейін атауын өзгертті

Фото: altyn-orda.kz

Алматының орталығында жаңадан ашылатын кафе ресми түрде жұмысын бастамай жатып, көпшіліктің назарына ілікті — себебі мәзірі немесе интерьері емес, атауы. Lenina 36 деп аталған бұл орын, Достық көшесінің бұрынғы атауына сілтеме жасағанымен, әлеуметтік желіде үлкен пікірталас тудырды.

Көптеген қолданушылар кафе атауында Ленин есімінің қолданылуын кеңестік дәуірді романтизациялау әрекеті ретінде қабылдады. Ал басқалары бұл атау қазіргі Алматының келбеті мен рухына сай келмейтінін сынға алды.

Талқылау алдымен Threads платформасында басталып, кейін өзге әлеуметтік желілерге де тарап кетті. Кафе әлі ресми түрде ашылмаса да, карта сервистерінде және пікірлерде теріс бағалар пайда бола бастады.

Кафе өкілдері атауда ешқандай саяси астар болмағанын, ол тек ескі Алматының атмосферасына сілтеме жасағанын түсіндірді. Алайда әлеуметтік желідегі резонанстан кейін жоба командасы атауды өзгерту туралы шешім қабылдады:

«Біз бұл атауға ешқандай саяси не тұлғалық астар салған жоқпыз. Бірақ бұл біреуге жағымсыз әсер еткен болса — біз шын жүректен кешірім сұраймыз. Біздің жобамыз — бұл тағам, қонақжайлылық және жанға жайлы атмосфера туралы. Барлық пікірлерге құрметпен қарай отырып, атауды өзгерту туралы шешім қабылдадық», — делінген ресми мәлімдемеде.