Зардап шеккендер бар: Алматыда газ құбыры жарылып, жол жамылғысы опырылды

Алматыда жерасты газ құбыры жарылды. Жол жамылғысы опырылып, Toyota Land Cruiser жол талғамайтын көлігі аударылып қалған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Оқиға 16 шілдеде Байзақов көшесі мен Бұқар жырау гүлзары қиылысында болған. Газ құбыры тексеру кезінде жарылған. Салдарынан жол жамылғысы опырылып, ағаш түбімен қопарылған. Toyota Land Cruiser көлігі жоғары көтеріліп, аударылып түскен. Екі адам зардап шеккен.

Оқиға орнында мамандандырылған төтенше жағдайлар қызметі жұмыс істеп жатыр. Апат болған орын қоршауға алынды. Зардап шеккен жүргізуші мен жолаушы ауруханаға жатқызылды.

«QazaqGaz Aimaq» АҚ мәліметінше, жаңа тартылған газ құбырын тексеру кезінде ауа қоспасы сыртқа шығып кеткен. Салдарынан жарылыс болған. Жұмысты мердігер ұйым «СантехКомплектГрупп» ЖШС жүргізген.

«Қазір аумақты зерттеу және оқиғаның себептерін анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Оқиға болған аумақ қоршауға алынды. Ттұрғындарға қауіп төніп тұрған жоқ», – делінген хабарламада.

«QazaqGaz Aimaq» АҚ қала тұрғындарынан сабыр сақтауды сұрады.