Фото: istockphoto.com
Қаржылық мониторинг агенттігінің тергеу деректері бойынша, «LiveGood» компаниясы өзін дәрілік заттар мен биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) сататын желілік маркетинг ретінде көрсеткен. Алайда, шын мәнінде бұл жүйе салымшыларды тарту арқылы тұрақты табыс уәде еткен, деп хабарлайды Qazaq.today.
Қатысу үшін өнімді сатып алу міндетті болмаған. Табыс көлемі жаңа қатысушыларды жазылу арқылы тартуға тікелей байланысты болған. Жазылу құны – 50 АҚШ долларынан басталған. Нәтижесінде, 80-нен астам азамат бұл қаржы пирамидасының құрбанына айналды. Компания уәде еткен табыс орындалмаған, ал салынған қаржылар күдікті тұлға тарапынан иеленілген.
Салымшылардан түскен қаражатты жасыру мақсатында күдікті криптовалюта биржасы арқылы заңсыз операциялар жүргізіп, ақшаны туыстарының есепшоттарына аударып отырған.
Қылмыстық жолмен алынған қаржыға ол Ақтау қаласынан екі пәтер, Lexus автокөлігін сатып алған. Жалпы шығын – 43 миллион теңге.
Соттың санкциясымен күдіктінің:
- 132 миллион теңге көлеміндегі есепшоттары мен мүлкіне тыйым салынды;
- Өз басына қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Аталған іс сотқа жолданды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, басқа ақпараттар жария етілмейді.
