Танымал 6ELUCCI тобы мен бетперделі жігіт «стилін» өзгертуге мәжбүр

Фото: The-village-kz.com

Мұндай қадам қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға және құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Осылайша, кешеден бастап елімізде қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін жауып жүруіне тосқауыл қойылды. Яғни, адамны тануға кедергі келтіретін киімді киюге ресми түрде тыйым салынды.

Десе де, кей жағдайларда бұл тыйым қолданылмайды:

– Қазақстан заңдары талаптарын орындау кезінде;

– Қызметтік немесе еңбек міндеттерін атқару барысында;

– Медициналық мақсатта;

– Азаматтық қорғау кезінде;

– Күн райының қолайсыздығына байланысты;

– Спорттық, бұқаралық спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысу кезінде.

Бұл норма тиісті заңға енгізілген өзгерістер аясында заңдастырылып отыр.

Айта кетейік, 10 маусым күні Сенатта «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» заңға қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киім элементтерін киюге тыйым салуды көздейтін түзету ұсынылған болатын. Аталған бастама жұмыс тобының отырысында көтеріліп, талқыланды.

Бұл жаңалық шыққан бетте қазақстандықтар қап-қара маска киіп ән айтатын 6ELUCCI тобы мен бет-жүзін көрсетпей, аты-жөнін айтпай, қайырымдылық жасап жүрген бетперделі жігітті бірден есіне алды. Заң аясында енді олар да маскасын шешіп, «стилін» өзгертуге мәжбүр болмақ.