Алматыда травматикалық қарумен жасалған атыс оқиғасы тіркеліп, салдарынан бір адам жараланды. Оқиға Алатау ауданындағы мекемелердің бірінде болған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, күдікті — Жетісу облысының 35 жастағы тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Одан оқ атуға пайдаланылған травматикалық қару тәркіленген.
«Алдын ала мәліметке сәйкес, жанжал бір-бірін танитын екі азаматтың арасында туындап, оның соңы атысқа ұласқан. Күдікті қарсыласының аяғына оқ атқан. Қазір оқиғаның өзге де мән-жайлары анықталып жатыр», — деді департаменттің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Оқиға әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударып, қызу талқылануда. Полиция бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.