«Мама, тоқташы!»: Астанада анасының артынан еңіреп жүгірген оқушы көптің жүрегін елжіретті (ВИДЕО)

Астанада өзін көлікке отырғызбай кетіп қалған анасының артынан еңіреп жүгірген баланың видеосы тарады. Мектептен шыққан баласын алып кетуге келген әйел ұлын көлікке отырғызбастан кетіп қалған. Анасынан қалып қалған ұл бала жанұшыра айқайлай көліктің артынан қуа берген, деп хабарлайды Qazaq.today.

Оқушыға жаны ашыған тұрғын жағдайды видеоға түсіріп, ұлға көмектеспек болған. Ол бірден полицияға қоңырау шалған.

«Кел, тоқта. Анаң қазір тоқтайды, жүгірме!», — дейді видео авторы баланы ұстап алмақ болып.

Алайда, анасына асыққан оқушы жылаған күйі көліктің соңынан қуа берген. Видео авторының айтуынша, ол бірден полицияға қоңырау шалып, көліктің нөмірі мен маркасын айтқан. Баласын тастап кеткен жүргізуші бағдаршамда тоқтап, ұлын мінгізіп алған.

Видеоның астына пікір қалдыған оқырмандар, анасы ұялы телефонды шұқиымын деп баласының көлікке отырмағанын байқамай қалған болуы мүмкін десе, бірі «ата-ана құқығынан айыру керек», «бала психологиялық жарақат алды» деп жазды.