АҚШ кітапханасынан Жамбыл Жабаевтың суреті табылды

Фото: Видеодан алынған кадр

Америкадан қазақтың халық ақыны, жырау Жамбыл Жабаевтың суреті табылды. Оны «Болашақ» бағдарламасымен білім алып жүрген жерлесіміз Дүйсенәлі Әлімақын олжалаған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі Qazaqstan арнасына сілтеме жасап.

Бұл жәдігер тұтас ел үшін құнды.

Журналист Дүйсенәлі Әлімақынның Қазақстанға қатысты АҚШ кітапханаларының бірінен тапқан кезекті туындысы «Кеңестер Орта Азияда» деп аталады. Авторлары – ұлыбританиялық зерттеуші Зелда Коутес пен Уиллиям Коутес. Олар тұтас бір тарауды Қазақстанға арнаған.

«Бұл кітап несімен құнды десек, мұнда қазақтың халық ақыны, жырау Жамбыл Жабаевтың Қазақстанда сақталмаған бір суретін кітабына кірістіреді. Әрине жайдан-жай кірістірмейді, алдымен Абай еңбектерін, Абайдың қазақ халқының әдебиетіндегі руханиятындағы орнын айтып, сосын Жамбылды айтады. «Жамбыл Жабаев өмірге келген кезде қазақ халқының әдебиеті әлі толық қалыптаспаған еді» деп Жамбылдың әдебиеттегі, өнердегі орнын айшықтап жазады», – дейді журналист Дүйсенәлі Әлімақын. 

Суреттің астына «Қазақстан¬ның халық ақыны Жамбыл» деп жазылған. Домбыра шертіп отыр¬ған жыраудың жанында төрт жігіт бар. Үшеуі әдеби хатшылары. Сол жақта малдас құрып отырған кісі – Ғали Орманов болса, ақ жейделі, жерде жантайып жатқан адам– жыраудың аудармашысы Павел Кузнецов және ар жағында отырған кісі ақынның өлеңдерін ұйғыр, қытай тіліне аударған Қадыр Хасенов. Оң жақта жантайып жатқан кісі кенже ұлы – Тезекбай. Ал киіз үйдің босағасында отырған қыз атамыздың ұлы Қожаштың қызы Ділдәхан апамыз дейді Жамбыл атындағы музейдің басшысы, әрі жыраудың немересі Салтанат Тезекбайқызы.

«Cол фондағы, сол қазақ үйдің жанында отырған суреттер көп. Бірақ, енді тура сол отырған кісілермен суреттер жоқ екен бізде. Бұл фото сурет қырқыншы жылдары түскен фото сурет болуы керек. Екінші дүние жүзілік соғыстың алдында түскен сурет», –  деді Ж.Жабаев атындағы музейдің басшысы Салтанат Жабаева.

Суретке ешқандай сілтеме берілмеген. Демек, зерттеушілер оны өздері түсірген болуы тиіс. Сондықтан тың сурет музейдің алтын қорын толықтыратыны анық. Ал, жас ғалымдар ізденісті ілгерте берсе, тағы да тау тұлғалар мен тұтас елдің тарихына қатысты талай олжа табылары сөзсіз.