Шетелдік көліктерді заңсыз тіркегендер мемлекетке 400 млн теңге шығын келтірген

Шетелдік көліктерді заңсыз тіркегендер мемлекетке 400 млн теңге шығын келтірген, деп хабарлады Qazaq.today агенттігі.

Жыл басынан бері Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жеткізілген шетелдік автомобильдерді заңдастыру басталған болатын. Бұл процедураны қайда және қандай құжаттармен өткізуге болатындығы туралы егжей-тегжейлі нұсқаулық бірнеше рет көпшілікке жеткізілді. Алымның бір реттік мөлшерлемесі 200 мың теңге көлемінде айқындалды. Алайда көлік прокурорлары анықтағандай, Алматы қаласында, БҚО және ШҚО-да қылмыскерлер бұл жағдайды өз алаяқтықтарын іске асыру үшін пайдаланған.

Бас прокуратураның мәлметінше, мемлекетке келтірілген алдын ала залал 400 млн теңгеден асады. Басқа аймақтарда тексеру жалғасып жатыр.

«Мәселен, биыл 13 сәуірде осындай жосықсыз азаматтардың бірі жалған құжаттарды, оның ішінде Қырғыз Республикасында көлік құралын тіркеу туралы 2021 жылғы куәлікті және сатып алу-сату шартын ұсына отырып, «Toyota Highlander» маркалы шетелден әкелінген машинаны қазақстандық есепке тіркеген. Олардың нақтылығына прокурорлар американдық сайттармен мәліметтерді салыстыру арқылы көз жеткізді. Бұл аталған көліктің 2022 жылдың 12 қазанында «Copart» аукционында сатылғанын және 2023 жылдың сәуірінде елге әкелінгенін көрсетті», – делінген прокуратура хабарламасында.

Осы мән-жайлар жекелеген адамдардың заңдастырудың негізгі шарттары мен мерзімдері туралы біле отырып, 2 млн теңгеден астам сомаға мемлекеттік төлемдерді төлеуден жалтарғысы келгенін байқауға болады. Тек Алматы қаласы бойынша осыған ұқсас 160 факті анықталған.

Көлік прокурорлары мемлекетке келтірілген залалды өтеу және кінәлі адамдарды заңда белгіленген жауапкершілікке тарту жөнінде шаралар қабылдау туралы мәселе қойып, қадағалау актісін енгізді.

Сонымен бірге, жиналған материалдар ҚР ҚК-нің 195, 361-баптары бойынша іс жүргізу шешімін қабылдау үшін қылмыстық қудалау органдарына жіберілді.